Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
Сағи Жиенбаев
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, жұмысшы мамандықтар санатына ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері де жатқызылып, алға қойылған міндеттердің бірі ретінде еңбек адамының беделін көтеру, олардың атқарған жұмыстарын қоғам болып насихаттау қолға алынуда. Осы ретте мәселеге тек бүгінгі күн тұрғысынан ғана қарамай өткенге зер салып, ел үшін тер төккен тұлғалардың еңбектегі ерлігін насихаттап, үлгі етіп, тарихтан тағылым алғанымыз абзал. Өткен тарихымыздағы еңбек адамдарының бірі — Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Тұмалыкөл ауылының ақсақалы Смағұл Маманов болатын.
Смағұл Маманов 1896 жылы төңкеріске дейінгі әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша Торғай облысы, Ырғыз уезі, Толағай болысында өмірге келеді. 1912 жылы Ырғыз уезінде Теректі болысы құрылып, осыған қарасты Тұмалыкөл, Сарыкөл, Сарысай қыстауларын мекендеген Көшенұлы Орынбасар, Төлепбергенұы Бекмырза, Ерекенұлы Қалпақ, Ақпамбетұлы Бейсен, Құлымұлы Балғара, Базарбайұлы Жүсіпбай басшылық ететін шағын ауылдар бірігіп 4-ші ауыл деп аталған елді-мекенде 1932 жылға дейін жеке шаруа ретінде жұмыс жасайды. Архивтегі жеке өмірбаяндық дерекке қарағанда 14 жасында әкесі, 17 жасында шешесі қайтыс болып, еңбекке ерте араласады. 1917 жылғы санақ мәліметтерінде Теректі болысының 4-ші ауылының тұрғыны, үй иесі ретінде 15 гектар жайылымдық жері, 1 гектар күздік бидай, 1,9 гектар тары егістігі, малдан 1 бас жылқы, 4 бас сиыр, 2 бас қой, 5 бас ешкісі бар екендігі көрсетіледі.
1932 жылы «Тұмалыкөл» серіктестігіне мүше болғаннан кейін қоғамдық малды өсіп-өндірудегі еңбек жолы басталып, 1938 жылға дейін сиыр бақташысы болып жұмыс жасайды. Бұл кезде құрылғанына 2-3 жыл болғанына қарамастан ұжымшарда мал басы саны ұлғая түскен болатын. Мәселен, 1932 жылы 1 қаңтарда Тұмалыкөл серіктестігінде 95 бас мал деп көрсетілсе, 1933 жылы Тұмалыкөл ауылындағы серіктестікте 69 үй, жан саны 276 адам, мал саны 193 бас, жай шаруалар 49 үй, жан саны 196 адам, мал саны 64 бас болса, 1934 жылы серіктестік мүшелері 99 үй, 376 адам, мал басы 376 басқа жетсе, жай шаруалар 44 үй, жаны 176 адам, барлық малы 84 бас болады. Ауылдық кеңестің алғашқы төрағалары Айтқожаұлы Бекжан, Садықұлы Әйімбет, Аманбай келіні Нұрыш болса, серіктестіктің алғашқы төрағалары Жайханұлы Мағзұм, Балғараұлы Жұмағали болады.
С.Маманов серіктестіктегі мүйізді ірі қараны 1935 жылғы 94 бастан 1938 жылы 231 басқа жеткізуге үлес қосып, 1938 жылдан бастап ұжымшардағы одан да жауапты жұмыс жылқы фермасына бақташылыққа ауысып, 1940 жылдан бастап сол ферманың меңгерушілігіне тағайындалып, іскерлігі мен еңбекқорлығының нәтижесінде аз уақытта-ақ бірқатар жетістіктерге қол жеткізеді. Фермадағы жылқы саны 1938 жылы 29 бастан, 1940 жылы 96, 1941 жылы 105 басқа көбейеді. Ауыл шаруашылығын дамытудағы қол жеткізген табыстары үшін бірқатар үздіктер Қазақстанның 20 жылдығы төсбелгісімен марапаттауға ұсынылғанда, солардың қатарында Тұмалыкөл серіктестігінен Маманов Смағұл да болады. Ол кісіге берілген мінездемеде партия мүшелігіне үміткер екендігі, 1940 жылдан бастап серіктестіктің жылқы фермасының меңгерушісі, 1940 жылы 12 биеден 12 құлын ергізгені, баққан малы семіз, төлден шығын жоқ екені айтылады.
Соғыс жылдарында малды қыстан аман-есен, әрі күйлі шығарудың қолданылған жаңа тәсілдерінің бірі малды қысқы жайылымға айдап, сол жақта қыстатып шығару болды. Шалқар ауданының ұжымшарлары алғаш рет 1943-1944 жылдың қысында Аяққұм, Үлкен және Кіші Борсық құмдарына мал айдайды, кейін қыста мал ұстау үшін мал қора, жертөлелер салып, ауданның барлық ұжымшарлары малы жыл бойы тебіндеп жайылатын мал айдау участогінен база иеленеді. Қыстауға Тұмалыкөл серіктестігі де мал айдап, 1943 жылдан бастап мал шаруашылығын дамыту жоспарын артығымен орындау нәтижесінде С.Маманов соғыс жылдарында әскерге 80 бас жылқы жібереді. Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің алғыс хатымен марапаттау үшін 1945 жылдың 20 мамырында облыстық партия комитетіне ұсынылған қысқы мал айдау участогіндегі мал шаруашылығының үздік стахановшыларының тізімінде С. Мамановтың қыста 132 бас жылқыны басы бүтін сақтап, 38 биеден 38 құлынды аман-есен өсіріп, енді 5 құлын күтіп отырғандығы мәлімделеді. Сонымен қатар үздік стахановшылардың қатарында Тұмалыкөл серіктестігінен қысқы мал айдау участогінің 1942 жылдан бергі санитары Маманов Сәндібай жөнінде де айтылады. Ол кісінің ветеринарлық іс-шараларды жүзеге асыруымен және қарауындағы малға уақытылы күтім жасауынан мал шығынын шекті мөлшерге дейін азайтуға қол жеткізіп, нәтижесінде мал қыстан аман-сау шықты деп хабарланады. Ал 1945 жылы 21 тамызда берілген ферма меңгерушілерінің өндірістік мінездемесінде Смағұл Мамановтың мал шаруашылығын дамыту жоспарын 1943 жылы 100, 1944 жылы 96,7, 1945 жылы 112,5 пайызға асыра орындағаны, төл алу мен оны сақтауда 1943 жылы 70 биеден 61 құлын, 1944 жылы 32 биеден 32 құлын, 1945 жылы 45 биеден 41 құлын алғандығы, үкіметтік марапаттауға ұсынылған мінездемеде жұмысты адал ниетпен орындауы нәтижесінде соғыс жылдары жылқы санының өсімін 145 пайызға жеткізгендігі көрсетіледі. Осы еңбектері үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» атты екі үкіметтік төсбелгімен марапатталады. Ал 1948 жылы 23 шілдедегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығына сәйкес 1947 жылы ұжымшарлардың міндетті ауыл шаруашылық өнімдерін тапсыру мен мал шаруашылығын дамытуды орындау барысында жоғары өнім алған Тұмалыкөл ұжымшарындағы тауарлы жылқы фермасының меңгерушісі Маманов Смағұлға 62 биеден 62 құлын алып өсіргені үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Орақ пен балға» алтын төсбелгісі қоса тағылады.
Соғыс жылдарындағы қиыншылықтарға қарамастан Тұмалыкөл ұжымшары мал шаруашылығын өркендету бойынша мемлекеттік жоспарды ойдағыдай орындайды. 1946 жылы 1 қаңтарда ұжымшарда нақты ірі қарадан барлығы 158 бас, оның ішінде сиырлар 78, жұмыс өгіздері 15, есептегі жылы туған бұзаулар 39 бас болса, қой 356, ешкі 304, жылқы 171, түйе 26 бас болды. Ұжымшарда төрт түліктің әрқайсысынан жеке 4 ферма болады. Ұжымшар есептегі жылы ет тапсыру есебіне мемлекетке мүйізді ірі қарадан 602 сомға 34 бас, 1912 сомға 200 бас қой мен ешкі өткізеді. Ал жеке ұжымшар ретіндегі соңғы 1949-шы шаруашылық жылын табысты аяқтайды. Мал шаруашылығын дамыту жоспарын орындау бойынша ірі қара санын 1948 жылдан 1949 жылы 317 бастан 349 басқа, қойды 623 бастан 795 басқа, ешкіні 538 бастан 577 басқа, жылқыны 330 бастан 374 басқа, түйені 31 бастан 34 басқа жеткізеді. Ұжымшар еңбеккерлерінің, оның ішінде жылқы бақташыларының еңбегі елеусіз қалмай, 1950 жылғы 2-наурыздағы Еңбекшілер депутаттары Шалқар аудандық кеңесі атқару комитетінің мәжілісінде аудан ұжымшарларындағы мал шаруашылығының үздіктерін марапаттауға ұсыну туралы мәселе қаралып, онда Тұмалыкөл ұжымшарында 100 биеден 98 құлын алғаны үшін жылқы тауарлы фермасының меңгерушісі Маманов Смағұлды, аға жылқышылар Өткелбаев Мырзалы мен Жайықбаев Қуатбайды, жылқышы Шонаев Жұмағалиды Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттауға ұсыну туралы шешім қабылданады.
КСРО Министрлер Кеңесінің 1950 жылғы 7-шілдедегі «Ұсақ ұжымшарларды ірілендіру» туралы қаулысына сәйкес 1950 жылы 23 тамызда Тұмалыкөл және Талдықұм ұжымшарлары біріктіріліп, «30 жылдық Қазақстан» атты іріленген ұжымшарға айналады. 1952 жылғы 29 ақпандағы колхоз мүшелерінің жалпы жиналысында Смағұл Маманов жылқы фермасының меңгерушісі ретінде басқарма мүшелігіне сайланады. Іріленген ұжымшар өзінің алғашқы 1951 жылғы шаруашылық жылын табысты аяқтайды. Жылқы, түйе өсіру, оның өнімін алу жоспары, ет, жүн тапсыру жоспары орындалады. Мал басын сақтауда ферма меңгерушілері Маманов Смағұл, Бекіш Ізбасқановтар екпінді еңбек етіп, ферма бақташылары Мырзалы Өткелбаев, Қуатбай Жайықбаев және т.б. жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді. Қой 7576 бастан 9951 басқа, ешкі 1549 бастан 2075 басқа, жылқы-710 бастан 867 басқа, түйе-109 бастан 159 басқа көбейеді. Ұжымшар бұдан кейінгі жылдары да мал басы, оның ішінде жылқы санын көбейту, мемлекеттік тапсырыстарды орындауда үнемі жетістіктеге жетіп отырды. Мәселен, ұжымшар 1953 жылдың қорытындысы бойынша 1 000 701 сом табыс тауып, мал басының жоспары төрт түлікте жүз пайызға орындайды. Сол сияқты Еңбекшілер депутаттарының Шалқар аудандық кеңесі атқару комитетінің 1958 жылғы 11-ақпандағы мәжілісінде мал түрінің 3 түлігінен жоспарды артығымен орындағандардың қатарында «30 жылдық Қазақстан» ұжымшарының да аты аталады. 1960 жылғы 26 ақпандағы ұжымшар мүшелерінің жалпы жиналысында жылдың табысты қорытындысына сәйкес бақташылар келесі жылға өздеріне міндеттемелер алған тұста, жылқы фермасының меңгерушісі Смағұл Маманов жылқы базының жоқтығына, қыста жылқы төлдетудің қиыншылығына қарамастан 100 биеден 100 құлын алуға уәде береді. Әрине, уәдесінде тұрады да, ұжымшардағы соңғы жұмыс жылы 1960 жылдың бірінші жартыжылдығында жылқыдан бірде-бір шығын шығармастан, наурызда 6, сәуірде 55, мамырда 39, маусымда 32, шілдеде 14 бас құлын кіріс кіргізеді.
Тұмалыкөл, одан кейін іріленген 30 жылдық Қазақстан ұжымшарында еңбек етіп, қоғамдық мал басы санын көбейтуге зор табыстарға жеткен ақсақал зейнеткерлік жасқа жетіп, Еңбекшілер депутаттарының Шалқар аудандық кеңесі атқару комитетінің 1960 жылғы 12-тамыздағы мәжілісінде Социалистік Еңбек Ері, ұжымшардағы тауарлы жылқы фермасының меңгерушісі Маманов Смағұлдың республикалық мәндегі зейнетақы тағайындау туралы арызы қаралады. Онда Маманов Смағұлдың 1932 жылдан бастап аталмыш ұжымшарда үздіксіз жұмыс жасап келе жатқандығы, оның ішінде 1938 жылдан бастап тауарлы жылқы фермасының меңгерушісі, Социалистік Еңбек Ері екендігі айтыла келіп, Ақтөбе облыстық атқару комитетіне Маманов Смағұлға КСРО Министрлер Кеңесінің 1936 жылғы 14 қарашадағы № 175 қаулысына сәйкес республикалық мәндегі дербес зейнетақы тағайындау жөнінде қолдау хат жіберу туралы шешім қабылданады. Сөйтіп еңбек еріне өмірінің соңына дейін дербес зейнетақы тағайындалады. 1960 жылы 30 қыркүйектегі ұжымшардың басқарма мәжілісінде жасының ұлғаюына байланысты Смағұл Мамановты меңгерушіліктен босату, айына 30 еңбеккүн зейнетақы тағайындау туралы шешім қабылданып, жылқы фермасының меңгерушілігіне Құлжанов Жансерік тағайындалады.
Смағұл Маманов зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұжымшардың, одан кейін құрылған Шетырғыз кеңшарының қоғамдық өміріне белсене араласып, өзінен кейінгі буынға ағалық ақыл-кеңесін айтып, шаруашылықты ұйымдастыру, мал өсірудегі тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырды. Тұмалыкөл ауылының, қала берді ауданның шаруашылықты өмірінде үлкен орын алған еңбек ері 1976 жылы Тұмалыкөл ауылында өмірден өтеді.
Толағай болып туылып, тау арқалап келе алмасада, өнегелі өмірі мен ерен еңбегімен тауға айналып кеткен тұлғалар өмірде аз емес. «Жақсының аты өшпейді» деп бекерге айтылмаса керек. Солардың бірі де бірегейі Смағұл ақсақал екені сөзсіз. Иә, мақала басында айтқандай, туған Даланың бағын жағып, Иесі болған сол еңбек ерендері бұл күнде сол даланың киесіне айналған.
Әлібек Аман,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты