Мемлекеттік кіріс комитетінің Аудит департаментінің басқарма басшысы Қайсар Арын мемлекет алдында қарызы бар компаниялар мен жеке кәсіпкерлер туралы түсінік берді.
Оның айтуынша, қарызды өндіріп алу мәселесі өте ауқымды және тиісті шешімді талап етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда мемлекет алдында салық төлеушілердің жалпы қарызы 450 миллиард теңгеден асқан. Алайда, бұл қарыздың негізгі бөлігі өндіріп алу барысында қиындықтар туғызатын жағдайлармен байланысты. Оның ішінде бірнеше компанияға қылмыстық іс қозғалған. Бұл істерде жалған шот-фактура жазу және салықтан жалтару сияқты баптар кездеседі, бұл болса, қарызды өндіріп алуға кедергі келтіреді.
Қайсар Арын салық органдары борышкерлердің мүлкіне өндіріп алу шараларын қашан қолданатынын түсіндірді. Ол, егер салық төлеуші өз қарызын уақытында төлемесе, салық кодексі бойынша хабарлама жіберілетінін атап өтті. Тәуекел дәрежесіне байланысты, жоғары тәуекел кезінде хабарлама жіберілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде мүлікті шектеу шаралары жүзеге асырылады, ал орташа тәуекел жағдайында бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін созылады.
Мүлкін шектеу шаралары Салық кодексінің 120-бабында көрсетілген және ол салық төлеушінің тіркеуде тұрған мүліктеріне және бухгалтерлік теңгерімінде тіркелген активтеріне қатысты жүзеге асырылады. Сонымен қатар, борышкердің мүлкін өндіріп алу шаралары да атқарылатыны түсіндірілді.
Айта кетейік, биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әділ әрі тиімді салық жүйесін құру қажеттігін атап өтті.