Көз жұмғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге 7700 адам келісім берген. Десе де, мамандар мәйіттік донор мәселесінің әлі де өзекті екенін айтады. Өйткені кезекте мыңдаған адам тұрғанымен, жылына 7 ота ғана жасалады.
Жәнібек Оспанға ауруханада қайтыс болған маркұмның жүрегі салынған. Осыдан 13 жыл бұрын жасалған аса күрделі ота Орталық Азиядағы алғашқы трансплантация болды.
Жәнібек Оспан, қала тұрғыны:
Ұзақ жыл дертіме ем таппай, ажал үстінде жатқанымда 46 жастағы әйел миына қан құйылып, ауруханаға түсті. Ол бірнеше сағаттан кейін көз жұмды. Кейін дәрігерлер оның туыстарымен сөйлесіп, жүрегін маған беруге келісім алды.
Жәнібек отадан кейін тез қалыпқа келгенін айтады. Көп ұзамай ұлды болып, бүгінде жұбайымен екі бала тәрбиелеп отыр. Дегенмен қазір Жәнібек секілді дер кезінде донор тауып, операциядан өтетіндер көп емес. Күту парағында 4200 науқас науқас тұр. Соның 128-і бала. Бүйрек трансплантациясына 3800, бауырға 219, жүрекке 146, өкпеге 27 науқас мұқтаж.
Назгүл Жылгелдина, ҚР ДСМ Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы директорының орынбасары:
Потенциалды донор дейміз ғой, донор бола алатын адамдардың саны бір адамға 80-90 адам болса, соның 10 пайызының ғана туыстары келісім береді. Қазіргі таңда жылына 19-23 қана ағзалық трансплантация өтеді. Яғни, жылына 6-7 мәйіттік донор болады.
Жанел Нұрболат, тілші:
Қазір eGov порталы арқылы донор болуға келісім беруге болатынын білеміз. Бүгінге дейін 8 мыңға жуық азамат электронды қол қойған. Мен де ұзақ ойланып, донор болуға келісім бермекпін. Ол үшін Денсаулық сақтау бөліміне өтіп, «Донорлықтан тірі кезде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» батырмасын басамын. Сосын «онлайн сұрау» арқылы өтініштің түрін таңдаймын. Өтінім бір жұмыс күнінде қабылданады.
Дәрігерлердің айтуынша, қайтыс болған бір адамның ағзасы 5 науқасты екінші өмір сыйлайды. Кейінгі 10 жылда 100 адамға марқұмның ағзасы трансплантацияланған.
Жанел Нұрболат