«Бағаналы орда, басты орданың» әлеуметтік ахуалы қандай ? Балаларының келешегін елорданың ертеңімен қатар өрбітуге ұмтылғандар көбейіп, мұнда қоныс аударушылар саны да артып келеді. Сол тұрғыда Астананың әлеуметтік ахуалы тұрғындардың тұрмысы жақсарғанда ғана нығаятыны анық.
Астана қаласында қоғамның осал топтарына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға жан-жақты көңіл бөлініп келеді. Әлеуметтік кодекстің 120-бабына сәйкес отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен болғанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалады. Отбасының жан басына шаққандығы орташа табысы күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болғанда беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы №181 бұйрығымен бекітілген АӘК-ке жүгінген адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу ережесіне сәйкес АӘК есептеу кезінде еңбекақы, әлеуметтік төлемдер, балаларға алимент, әлеуметтік көмекке өтініш берген айдың алдындағы тоқсандағы басқа да кірістер ескеріледі.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанда 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ай сайын қосымша төлем беріледі.
Сонымен қатар Астана қаласында тұрақты тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) мемлекеттік «Тұрғын үй көмегін тағайындау» қызметі қолдау көрсетеді. Оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға; коммуналдық қызметтерді, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы №84/10-VIII «Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасы туралы» шешіміне сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін қызмет көрсету, ақшалай төлемдер түрлері бар. Атап айтқанда, көпбалалы, аз қамтылған отбасы санатындағы аналар тіс протездеуге қаржылай қолдау (протездеуден басқа бағалы металдардан) екі жылда бір рет ұсынылады. Астана қаласының көптеген жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқуға ақы төлеуге әлеуметтік көмек көрсетіліп, қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүре алады. Жыл сайын Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған аналарға 2,5 АЕК (9830 теңге) көмек беріледі.
Жылыту маусымы жақындағанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы табысы аз, әрі отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жергілікті (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратындарға, баспана жалдаушы көпбалалы отбасыларға қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өтемақы жылыту маусымына 16 АЕК (62 912 теңге) көлемінде жүргiзiледi. Тұрғын үйге көгілдір отын газ тартуға біржолғы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы табысы аз болса, сондай-ақ отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда көмек алады. Астана қаласын газдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оның жекеменшік иесі немесе мүлік иесі саналатын көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға көрсетіледі. Әлеуметтік көмектің көлемі 130 АЕК (511 160 теңге) аспайтын газ құбырын орнату үшін өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады. Тұрғын үй көмегі коммуналдық, басқа да қызметтерге ақы төлеу құны отбасының жалпы табысының 5 пайызынан асатын болса тағайындалады.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты бағыттарының бірі – қоғамның әлеуметтік жағдайларын реттеу. Осыған байланысты, әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынасты қолдау мақсатында, жалпы қоғамның әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында 2019 жылғы 26 тамызда Астана қаласы әкімдігінің жанынан қанатқақты жоба ретінде Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Орталықта құқықтық және психологиялық кеңес алуға болады, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. «Жанұя» орталығының базасында әлеуметтік қызметтер порталында оңалту құралдары мен қызметтерін сатып алу бойынша мүгедектігі бар адамдарға арналған өтінімдерді рәсімдеуде кеңес беріліп, көмек ұйымдастырылады. «Жанұя» орталығының сот органдарымен тиімді ынтымақтастығы үшін 2024 жылдың қазан айынан бастап орталықтың заңгер-медиаторлары Астана қаласындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен әріптестік байланыс орнатқан. Мұнда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қызметі ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен мемлекеттік органдар арасындағы Бірыңғай диалог алаңында «Бір терезе» қағидаты бойынша аудандық әкімдіктер мен Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері: денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй, мәдениет саласы бойынша қызмет көрсетеді.