AMANAT фракциясының депутаттары өңірлерге сапары барысында халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, 274 елді мекенде 582 кездесу өткізген. Нәтижесінде мыңнан астам арыз-шағым жиналып, Үкіметке жолданған. Алайда депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, министрліктердің жауаптары нақты шешімдерден гөрі сырғытпа сипатта болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Республикалық деңгейдегі 355 нақты сауалдың небәрі 76-сына ғана тиісті жауап алдық. Ал қалған 79 пайызына Үкіметтің жауаптары мүлдем мардымсыз әрі дәйексіз болды. Бұл – жылдар бойы қордаланған, мыңдаған адамның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін мәселелердің тағы да шешусіз қалуы», деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.
Мінберде көтерілген басты мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің кемшіліктері. Жүйенің енгізілгеніне 5 жыл өтсе де, ол халықтың қажеттілігіне толық жауап бере алмай отыр.
«Мысалы, денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей қойды. Әлі де жүйеден тыс 3,5 миллион халық болса, оның артында жүйелі жарнасын төлесе де, жүйесіз қызмет алатындардың саны одан әлдеқайда көп. Мәселен, былтыр үш айдың ішінде Астана тұрғындарынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 680 өтініш түссе, оның 70%-ы шағым болған. Мәжіліс мінберінен 3 жыл бойы медициналық сақтандыру жүйесінің сын көтермейтінін айтсақ та, Үкіметте не бір ұсыныс, не бір шешім болмай келеді. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді. Шағым азаймады, кезек кемімеді, сапа жақсармады. Яғни Қазақстанда байлар емделмейтін, кедейлер емделе алмайтын жағдай әлі де орын алуда», деп сынға алды депутат.
Үкіметтің мәліметінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4-5% шамасында тұрақты сақталып келеді. Алайда бұл дерек шынайы жағдайды көрсетпейді. Бұл ретте депутат мәселені жасырып жаппай, статистиканы бұрмаламай, нақты жұмыс орындарын ашу бойынша жүйелі шараларды қолға алу керектігін атап өтті.
«Жұмыссыздықтың азаймауы тағы бар Цифрланған заманда статистиканы бұрмалау – ауруын жасырғанмен тең. Мысалы, Үкіметке сенсек, соңғы 15 жыл бойы жұмыссыздық – 4-5 пайыздық өзгермейтін көрсеткіште тұр. Ал шындығында, елімізде жұмыссыздардың саны 10-12 пайыз, яғни 1 миллионнан астам. Оған дәлел – МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион адам, тіпті 1 теңгелік зейнетақы жарнасы жоқ 3 миллион азамат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллион адам, «NEET» санатындағы 400 мың жас. Бұлардың барлығы ешбір тіркеуде жоқ, мүлдем табысы жоқ. Табысы болса, оның өзі маусымдық табыс. Бұған қоса, 2027 жылға қарай еңбек нарығына қосымша тағы 300 мың жас қосылады. Ал Үкімет оған дайын емес. Өңірге сапар барысында да халықтың ең көп сұрайтыны – осы жұмыспен қамту мәселесі. «Екі қолға бір күрек табылар» деген халық тәмсілі талай ауыл жұртына арман болып отыр», деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілгенімен, басқа сала қызметкерлері ең төменгі еңбекақыға күнелтіп жүр.
«Ауылдық жерлердегі кітапханашылар, архив қызметкерлері, мәдениет үйлерінің жұмысшылары небәрі 85 мың теңге алады. Ал жаттықтырушылар, музыка және өнер мектебінің мұғалімдері 125-150 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Бұл – ай сайын 150 мың теңгеден аз жалақы алатын қазақстандықтардың саны әрбір бесінші адам екенін көрсетеді», деді депутат.
Сонымен қатар депутат Қазақстандағы дачалық массивтер мен қала маңындағы ауылдарда 800 мыңнан астам адам тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, алайда бұл аймақтардың инфрақұрылымы дамымаған.
«Мектеп, аурухана, жол, тіпті таза ауызсу да жоқ. Алматыға күн сайын жақын маңдағы ауылдардан 400 мың адам, Астанаға 200 мың адам келіп жұмыс істейді. Бірақ осы аудандарға қатысты бірде-бір нақты шешім қабылданбады», деді Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев ауыл және кент әкімдерінің құзыреті шектеулі екенін де тілге тиек етті.
«Президенттің қолға алған реформаларының нәтижесінде елімізде ауыл және кент әкімдері сайланды. Халық өзі сайлағаннан кейін әкімнен нәтижелі жұмысты талап ететіні белгілі. Алайда әкімдердің тиісті құзыреті болмағандықтан, қолы қысқа. Мәселен, ауылдағы мектепте жылыту жүйесі істен шықса, оны облыстағы білім басқармасының нұсауынсыз шешу мүмкін емес», деді депутат.
Оның пікірінше, Үкіметтің халықты солтүстік өңірлерге қоныстандыру саясаты сәтсіздікке ұшыраған.
«Мысалы, соңғы бес жылда Шығыста 350 ауыл, Солтүстік пен Павлодар өңірінде 987 ауыл бос қалды. Бұл – жай ғана ауылдың саны емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы. Ең қызығы – Үкіметтің уәдесіне сеніп теріскейге көшкендердің көбі қайта көшіп кетті. Оған қоса, шамамен 2050 жылы оңтүстіктің халқы екі есеге өссе, теріскейде керісінше екі есеге азаяды деген болжам бар. Сондықтан бұл жобаға барынша ұлттық мәртебе беріп, еліміздің негізгі әрі серпінді идеологиялық, демографиялық қозғалысына айналдыруымыз керек», деп алаңдаушылық білдірді депутат.
Сөзінің соңында Елнұр Бейсенбаев Үкіметті сылдыр сөзден нақты іске көшуге шақырды.
«Көріп отырғандарыңыздай, депутаттар барлық мәселеден хабардар. Елмен етене араласып, әрбір мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатыр.Президентіміз айтқандай, енді Үкімет батыл және ұтымды шешім қабылдауы тиіс. Халық бізден осыны күтеді», деді ол.