Current Date: 30-03-2025

Тылда тауқымет тартқандар

Тарихи деректер бойынша 1941-1945 жылдарда Қызылорда облысы аумағынан 150 мыңға тарта азамат отан қорғауға Ұлы Отан соғысына аттанды. Олардың арасынан 30 мыңнан астам жауынгер майдан даласынан аман оралмады. Ал, батылдығы мен ерлігі үшін 22 майдангер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, бір сарбаз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды.

Қызылорда облысынан әскерге шақырылғандардан Ақтөбеде 101-ші атқыштар бригадасы құрылып, олар Ржев, Великие Лукиде шайқасты. Сонымен бірге Мәскеу мен Сталинград түбінде ерлікпен шайқасқан Қазалы 35-ші атқыштар теңіз бригадасын да айрықша атаған жөн. дейді El.kz тілшісі.

Бүгінде аймақта көзі тірі екі майдангер қалды: бірі 103 жастағы сырдариялық Яхия Тасыров, екіншісі 101 жастағы қазалылық Тілеуберген Тобаберген. Олардың аман-есен болып, Жеңіс мерекесін бірге тойлауға El.kz сайты оқырмандары атынан тілектестік білдіреміз.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдан даласында қанқұйлы қауіп-қатерлерді емес, сол сұрапыл соғыс өрті өршіген уақыттарда тылда, ел ішінде қандай саяси оқиғалар өтті. Бұл жайлы облыстық мұрағатта сақталған мәліметтер не дейді?

El.kz тілшісі Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының архив ісін үйлестіру және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұршат Әбілдаева мен облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Жанат Алтынбаеваның көмегімен екінші дүниежүзілік соғыстың бес жылында болған басты оқиғаларды сараптап көрді.

Облыстық «Ленинский путь» газетінің 24 маусым 1941 жылғы нөмерінде Одақтың сыртқы істер халық комиссары В.М.Молотовтың Ұлы Отан соғысының басталуы туралы мәлімдемесі және КСРО бойынша әскери жағдайға көшу жарлығы жарияланды.

Тылда тауқымет тартқандар

Майдан даласы отты жағдайды кешіп жатқаны, сарбаздардың ерлік істері баспасөз беттерінде тұрақты хабарланып отырды. Ал, соғыс зардабын тартқан қарапайым халықтың мүшкіл халі айтпаса да түсінікті. Жар жолдасынан, бала әкесінен айырылып жатты. Оған куә – 4 қазан 1941 жылы өткен Қызылорда қалалық комиссия кеңесінде эвакуация жасаған азаматтарды жергілікті жерде орналастыру жөнінде мәжіліс хаттамасы. Онда мекеме, банк, аурухана, база ғимараттарын тұрғын жай жасап, оған елді орналастыру міндеттелді. Олардың арасында соғыс өршіп тұрған аудандардан әкелген тұл жетім де бар, кавказ халқы да бар, Қиыр шығыстың адамы да бар.

Жаппай көшірілген мекемелерді есептесек, саны ұзаққсонар созыла береді. Солардың бірі – Донбасстан көшірілген «Челюскинцы» артелі. Артельдің құрал-жабдықтары құрылып, іске қосуды шұғыл атқаруды жүктеген.

Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен эвакуацияланған 1423 адамды жайлы орынға жайғастыру үшін бірнеше ауданда балалар үйі мен интернат қызметін ұйымдастыру жедел қолға алынды. Облыстың Шиелі, Қармақшы аудандарына интернат аясын кеңейту, сондай-ақ қоныстанғандарды қысқа уақытта киіммен, ас-ауқатпен қамтамасыз етуді дереу жол қою жүктелген.

Мынау 14 қараша 1941 жылғы қаулы. Эвакуация жөніндегі комиссиясы Мәскеу ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтын Қызылорда ауылшаруашылығы техникумы базасына орналастыруды назарға алған. Институттың 300-дей студентін екі ауысымда оқыту, 34 отбасы профессор-ұстаздарға тұрғын жай қарастыру жайында мәселе көтерген.

Сірескен құжаттарды ақтара отырып, мені оқыстан бір мәселе мазалады. Соғыс жағдайында қай іс те өзекті. Оны шұғыл шешу тиісті. Бір қызығы, қалың қазақ қоныстанған Қызылорда аумағында жауапты орган немесе комиссия мүшелері қатарында бірде-бір ұлттық кадр өкілі араласпаған. Бірыңғай орыс, басқа ұлттың азаматтары. Көбіне-көп Галеев, Зеленчук, Курдюков, Бажаратьян, Марков, Киселев, Чванов, Бунимов, Запорожцев, Кузнецов, Ходаков секілді комиссия мүшелерін, Қызылорда қалалық атқару комитеті кеңесінің төрағасы Козловты ғана кездестіре бердім. Соған қарап, майданға кім кетті, тылда кім қалғаны белгілі сияқты.

КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының «Әскери қызметшілердің отбасыларына жәрдемақы тағайындау туралы» Жарлығына сәйкес Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің 5 қаңтар 1942 жылғы шешімі шығып, ол бойынша 28 маусым 1941 жыл және 1 қаңтар 1942 жыл аралығында әскери қызметшілердің отбасынан түскен 3897 арыз тіркелгені айтылған. Оның ішінде 3331 отбасыға жәрдемақы тағайындалып, 566 отбасының арызы заңға қайшы деп қабылданған. Әлеуметтік қамсыздандыру органы арқылы аталған отбасыларға 4879 сом қаржылай қолдау жасалып, 585 бала балабақшамен қамтылған. Мал ұстайтын 456 отбасыға жем-шөп, 2330 отбасыға отын түсіріп, 64 пәтерге жөндеу жүргізілген. 1896 отбасының баспана мәселесі шешілген.

Тылда тауқымет тартқандар

Қазақ ССР Халық кеңесі комиссарларының 12 қаңтар 1942 жылғы №24 қаулысымен Киев және Харьков біріктірілген университеттерін Қызылорда қаласына орналастыру жүктелсе, ол Қызылорда педогогикалық институтының 3 қабатты жатақхана ғимаратына орналасты. Бұл жерде университеттің Сыр өңіріне білім және ғылым саласында зор ықпалы тигенін де айтқан ләзім.Халықтың отаншыл қасиеті, елжандылығы қашанда ерекше емес пе? Соның бір үлгісі – 1942 жылы айрықша бағаланды. Қазалы ауданы «Қызылту» колхозының төрағасы Қашақпай Пірімовтың Сталинге жазған хатында: «Қызылту» колхозшылары «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасының құрылысына 220 мың сом және өз атымнан 100 мың сом ақша аудардым» делінген.

Дәл осындай хат Сырдария ауданы «1 май» колхозының бригадирі Құлаш Баймағамбетовтың атынан жазылып, онда «Қазақстан колхозшысы» атты авиация құрамасын жасау қорына 325 мың сом өткізгенін және өзінің қосымша қорынан 180 пұт астық тапсырғанын айтқан. Осы екі кісіге де Сталиннің алғыс хаты тапсырылғаны туралы баспасөз бетінде ақпарат жарияланған.Асылы, құжаттарға тіл бітіп сөйлегенде, саясаттың да солақай тұстары көрініп қалады. Тылда қалған кемпір-шал, жас жесірлерді ауыр жұмысқа жегіп, 1943 жылғы қаулы негізінде Қарағанды көмір бассейнінің кен орындарына жұмсап отырған. Одан аман қайту неғайбыл болатын.

Мұндай мәселеге 1943 жылғы қаулы бойынша «Аралсульфат» тресіндегі түрлі кәсіпке 500 адамды жұмылдыруды да қосыңыз. Қазақстан мұнай өнімдері комбинатына жұмысшылар жұмылдыруды да жіктеп қойыңыз.Сол секілді неміс оккупанттарынан азат етілген аудандарға ауылшаруашылығы техникаларын жеткізу, оларды механизаторлармен қамтамасыз ету қажет дегені тағы бар. Осы мақсатқа 1941 жылы жас келіншектерді тракторлар курсына жіберіп, оқытты. Осының бәрі тыл адамын тірнектетіп, тіршілігін тұқыртып тастағаны мәлім.Ал, егін жинау, мал бағуға өрімдей жас балалардың күшін пайдаланды. Мұнан бөлек, сарбаздарға киім-кешек дайындау, майданға деп астық, ет-сүт тапсыру ай-майы тұрақты түрде жүргізілді. Бұл да өз кезегінде мойынға түскен ауыр жүк еді, қысқасы ел еңсесін тіктеуге мұрша бермеді.1943 жылы поляк балалары үшін Қызылорда қаласынан мектеп ашуға күш салынды. Алдымен М.Горький атындағы орта мектептен екі сынып ашып, кейін мектеп деңгейінде ұлғайту мәселесі де көтерілді. Оқушыларға ұлттық тілінде сабақ өткізу де назарға алынды.

Қызылорда облыстық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің 1 мамыр 1944 жылғы №257 қаулысы бойынша неміс басқыншыларынан азат етілген аудандарға 150 бас жылқы жөнелту тапсырылған. Қалт-құлт өмір сүріп жатқан ауыл халқы үшін бұл бұйрық оңай тимегені анық. Күнкөрісіне жарап отырған жалғыз жылқысынан айырылу әрине, ауыр. Десе де бұйрық талқыланбайды, орындалады.Қай соғыстың да соңғы нүктесі – Жеңіс! Елдің де ерекше күткен күні осы Жеңіс болғаны ақиқат. Өйткені қанқұйлы соғысқа лағнет айтып, іштегі зары мен мұңын төккен аналарымыз бен апаларымыз, әкелеріміз бейбіт өмірді күтті. Сол үміт, сол күн міне, жетті.«Ленинский путь» газетінің 9 мамыр 1945 жылғы арнайы шығарылымында «9 мамыр – Жеңіс күні» деп жариялау туралы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы шықты. Бұл Жеңіс күні елдің мәре-сәре болып, халықтық шеруге ұласқан маңызды мерекесі еді. Ақ түйенің қарны жарылған күн тарихи оқиға ретінде ел жадында қалды. Тылда тартқан тауқыметтің ащы сабағы енді ұмытыла бастағандай әсер әкелді.