Current Date: 01-04-2025

Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 83 млрд теңге бөлінді

Ауылдың әлеуеті артады .

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 50 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржыға елдімекен халқына шағын несие беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделеді.

Жеңілдетілген несие көлемі артты

Биыл үш мыңнан аса шаруаға жеңілдетілген несие берілді. Оның жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазір агроөнеркәсіптік кешен өкілдеріне тікелей аграрлық несиелеу корпорациясынан қарыз алу мүмкіндігі бар. Жалпы биыл көктемгі егіс жұмыстары мен егін жинау науқанына 700 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

ЦИТАТА:

Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

Биылғы меже былтырға қарағанда жоғары. Кемінде 7-8 млн гектар алқапты жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етеміз. 700 млрд теңге осы бағытта болады. Одан бөлек, 400 мың тонна дизель отыны беріліп отыр. Инвестициялық субсидиялау қағидаларына сай, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын алушылардың отыз пайызға дейінгі шығындарын мемлекет өтейді.

Биыл 2 млн тонна тыңайқыш беріледі

Елде минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 83 млрд теңге бөлінді. Дені Үкімет резервінен алынған. Құзырлы министрлік мұндай қолдаудың арқасында шаруалар қажетті тыңайтқышты уақытында ала алады дейді. Ал отандық тыңайтқыштарды қолданатындар өнім құнының 40 пайызын ғана төлеп алады. Мұндай аванстық төлем жүйесі былтыр іске қосылған. Оның аясында зауыттардың арнайы шоттарына бюджет қаражаты алдын-ала аударылады, қалғанын шаруа төлейді. Қазір жобаға екі кәсіпорын қатысып отыр. Биыл осындай тәсілмен 2 млн тонна тыңайтқыш сату көзделеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу де күн тәртібінде.

Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:

Ауыл шаруашылығын қайта өңдейтін кәсіпорындарды дамыту кешенді жоспар аясында жүзеге асады. Өткізілген шикізат өнімдері үшін де, инвестициялық шығындарды өтеу үшін де субсидия қарастырылған. Ал қайта өңдеу кәсіпорын дамыту бағытында аграрлық несие корпорациясы мен өңірлердің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы, СҚО тәжірибесі шеңберінде, қаражат қарастырылып отыр.

«Ауыл аманаты»: жаңа жұмыс орындары ашылады

Биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасымен 8 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Кәсіпкерлерлерге ең көбі 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативін дамытамын деушілерге 8 мың АЕК мөлшерінде қарыз қарастырылған. Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, былтыр бағдарлама бойынша 107 млрд теңге микронесие берілді. 18 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Биылғы жоспар бұл межеден төмендеу, себебі бағдарлама револьверлі несиелеу механизмі бойынша жұмыс істейді. Яғни қайтарылған қаржыны қайтадан қарызға беру арқылы жүзеге асады. Осылайша, жалпы құны 7 млрд теңге болатын қосымша 1 мың микронесие берілген. Бағдарлама жүзеге асқалы өңірлерде 540 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Осы аралықта кәсіп иелері 1,2 млрд теңге салық төледі.