Қызылорда облысында көктемгі егін егу жұмыстары қызу жүріп жатыр , деп хабарлайды 24kz.
Биыл аймақта 193 мың гектар жерге егін егіледі деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары басты назарды суды үнемді пайдаланып, өнімділікті арттыруға аударып отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, мол өнім алу үшін заманауи агротехникалық әдістер қолданылуда. Жерді тегістеудің жаңа технологиясы енгізіліп, тұқым сапасын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов ауылында биыл 1500 гектар жерге жоңышқа мен бидай егіледі. Ал күріш көлемі 4200 гектарға жоспарланып отыр. «Лазерлік құрылғымен жерді тегістеп, сапалы күріш тұқымын еккеннен кейін соңғы жылдары өнімділік артты», - дейді диқандар.
Райымбек Төребеков, агроном:
- 2023 жылы біз 5000 гектарға күріш ектік. Яғни, біз 300 мың центнер күріш алған болсақ, 2024 жылы біз 4 жарым мың гектар күріш егіп, 300 мың центнер өнім алдық. Өздеріңіз байқағандай, бұл – жақсы көрсеткіш. Алдыңғы жылы 5000 гектардан алғанды, одан кейінгі жылы 4500 гектардан сол өнімді алып, біз өнімділікті арттырып тұрмыз.
Шаруашылықта ауыспалы егістік әдісі толық сақталған. Күріш пен суды аз қажет ететін дақылдардың да үлесі теңдей. Бұл – жердің құнарын сақтап, су тапшылығының алдын алу үшін қолға алынған шаралардың бір парасы.
Жалпы өңірде биыл 193 мың гектар жерге егін егіледі. Оның ішінде 85 мың гектарға күріш тұқымы себілмек. Ал суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі артады. Мысалы майлы дақыл 5,5 мың гектарға, бақшы дақылы 18 мың гектарға көбейеді. Мамандардың айтуынша, тыңайтқыш пен жанар-жағармай да жеткілікті.
Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Көктемгі жұмыстарға арзандатылған 10 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр. Қазір облыс бойынша 4 оператор белгіленген. Жеткізу кестесі бегітіген, сол кестеге сәйкес ақпан айынан бастап біз солярканы тауар өндірушілерге жеткізіп беріп отырмыз. Өткен жылы біз айта кету керек 250 теңгеден жеткізіп берсек, биыл 252 теңгеден.
Аймақта су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізілмек. Биыл 4400 гектар егіндік тамшылатып және жаңбырлатып суарылмақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин