Қазақстандық мамандар Ұлыбританияға барып, өнеркәсіпті көміртексіздендіру бойынша тәжірибе жинады.
Делегация мүшелері зауыттар мен кәсіпорындардан шығатын көмірқышқыл газын азайтудың жолдарымен танысып, жасыл технологияларды пайдаланудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйренді.
Ұлыбритания өнеркәсіпті көміртексіздендіруді өткен ғасырдың сексенінші жылдары бастаған. Ол кезде бұл сөз тіпті қолданыста жоқ та еді. Ал қазір осы стратегияны енгізген әлемдегі алғашқы ірі экономика ретінде танылып отыр. Мемлекет нөлдік шығарындыларға қол жеткізуге қатысты биік мақсаттар қойып, климаттың өзгеруіне қарсы күресте әлемдік көшбасшы атанды. Енді осы бай тәжірибесімен бізбен де бөліспек. Ұйымдастырушылар Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі, Бизнес және сауда департаменті мен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі.
Кирри Хендриксен, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі климаттық тобының жетекшісі:
- Делегация мүшелері 4 күн бойы Лондон, Кент қалаларына және Уэльстің оңтүстігіне сапарлап, Британияның соңғы 10 жылда осы салада жеткен жетістіктерімен танысты. Экологиялық таза цемент өндірісін, энергия сақтау паркін көрді, сутегі өндіру кәсіпорнында болып, энергия тиімділігі жоғары ғимараттарды аралады.
Қазақстан әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Өйткені өнеркәсіптің 50 пайызын өндіруші сектор құрайды. Электр энергиясын өндірудің шамамен 70 пайызы бұрынғыша көмірге тәуелді. Сондықтан өндіруші өнеркәсіптің экологиялық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету басты міндет және зор басымдық.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Электр энергиясының көп бөлігін көмірден алған ел 2025 жылға қарай отынның бұл түрінен толығымен бас тартты. Дейтұрғанымен, индустриалды даму тоқтаған жоқ. Әлбетте, біраз қателікке ұрынғаны рас, бірақ баға жетпес тәжірибе жинады. Қазақстан сол тәжірибеге сүйене отырып, тезірек әрі тиімді әдіспен нәтиже көрсетеді деген сенім бар.
Қос ел өнеркәсіпті көміртексіздендіру бойынша ынтымақтастық бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр. Жасыл сутегі және маңызды минералдар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылып, жол картасы бекітілді. Делегация құрамына кірген мемлекеттік органдардың, ғылыми және іскерлік ортаның, қаржы институттарының өкілдері сапар барысында көрген-білгеніміз, ойға түйгеніміз көп дейді.
Жүсіп Ералин, Kazakhstan Investment Development Fund компаниясының төрағасы:
- Жел энергетикасы саласында араб компаниясымен бірге бір жоба жасап жатырмыз Қазақстанда. Бұл да декорбанизацияға жататын үлкен ауқымды проект. Бізде де батарея болады электрикалық. Сол батареяны осы жақта көрдік. Сол үшін бізге Ұлыбританияда жасап жатқан жобалар өте қызықты болды.
Дина Жанәділ, Қазақстан Даму банкінің басқарушы директоры:
- Жасыл жобаларында қандай озық технологияларын қолданатынын бізге көрсетті. Сонымен қатар оның экономикаға, қоғамға қандай әсер ететіндігімен бөлісті. Болашақта біз де тұрақты даму саласында өзіміздің жұмысымызды жалғастырамыз.
Қазақстан ТМД-да Париж келісімін бірінші болып ратификациялап, тұрақты даму бағыты бойынша белсенді климаттық саясатты алғаш қабылдаған ел. Еліміз 2060 жылға қарай көміртегіден бас тартып, таза мемлекет болуға ниетті. Сондықтан өнеркәсіпті көміртексіздендіру саласындағы екіжақты ынтымақтастық нығая бермек.
Ғалымжан Қараманұлы