Current Date: 02-04-2025

Жыл сайын жер бетінде 10 млн гектар орман алқабы жойылады

Қағаз жасау үшін орманды отаудың қажеті жоқ. Қажетті материалдарды қалдықтарды қайта өңдеу арқылы өндіруге болады. Осылай деген Норвегия билігі орманды отауға тыйым салды. Жергілікті биліктің мұндай заң қабылдауы бекер емес. Өйткені жыл сайын жер бетінде 10 миллион гектар орман алқабы жойылып кетеді. Бұл Оңтүстік Корея аумағымен пара-пар жер көлемі. Қоршаған ортаның ластануын азайту үшін Кенияда пакет қолдануға болмайды. Ал Францияда тамақ қалдықтарын тастауға рұқсат жоқ. Алдағы топтамаға зер салайық.

Кенияда полиэтилен пакет қолданғандар 4 жылға сотталуы мүмкін

Кенияда осыдан 8 жыл бұрын әлемдегі ең қатаң экологиялық заңдардың бірі күшіне енді. Шығыс Африкадағы елде пластик пакеттерін өндіру, сату және қолдануға тыйым салынды. Ережеге бағынбағандар 38 мың доллар айыппұл төлейді. Бұл біздің ақшамен 19 миллион теңгедей. Тіпті 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заң қабылданғанға дейін кениялықтар айына 24 миллион полиэтилен пакетін қолданатын. Олар кейін қоқысқа тасталып, жануарлардың 30%-нің ішегінен табылатын. Талап күшіне енген соң 2 жыл ішінде көрсеткіш 3 есе азайған. Экологтар: «Мұның бәрі заңның тиімділігін көрсетіп отыр», – дейді.

Норвегия орманды отауға тыйым салды

Норвегия 9 жыл бұрын әлемде алғашқы болып ормандардың оталуына тыйым салды. Ал жергілікті компаниялар пальма майы мен ағаштан жасалатын тауарларды да сатып алмайды. Бұдан бөлек, үкімет басқа елдерде ормандардың отауды тоқтатуға бағытталған жобаларға қаржылай көмек көрсетеді. Соның арқасында Бразилияда 85 мың шаршы шақырым алқап сақтап қалынды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының дерегінше, жыл сайын жер бетінде 150 мың шаршы шақырым орман алқабы оталады. Бұл әр минут сайын 48 футбол алаңындай аумақтың жойылуымен тең.

Францияда тамақ өнімдерін қоқысқа тастауға тыйым салынған

Ал Францияда бұрыннан тамақ қалдықтарын азайтуға бағытталған заң бар. Соған сәйкес супермаркетте сатылмай қалған тамақты қоқысқа тастауға тыйым салынады. Орнына мұқтаж жандарға таратылады. Бұл үшін жергілікті дүкендер қайырымдылық ұйымдарымен келісімге отырады. Бұдан бөлек, елде азық-түлікке кәдеге жаратылмайтын және қайта өңдеуге келмейтін қаптаманы қолдануға болмайды. БҰҰ-ның дерегінше, жыл сайын әлемде 900 миллион тонна тамақ қоқысқа тасталады. «Ол биоалуантүрлілікті өзгертіп, климат дағдарысын ушықтырады», – дейді мамандар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева