«Қазгидромет» РМК Шымкент қаласында наурыз айында жауын-шашын мөлшерден тыс жауады деп болжам жасаған еді. Мегаполисте қазір көктем шуағын төгіп тұр. Қар еріп кеткелі қашан. Бірақ топырақта ылғал басым . 48 мм дейінгі ылғалдылық қалыпты боп саналса, қаланыкі одан 55% жоғары.
Түркістан облысының оңтүстігін бойлай жатқан Алатау Шымкентке алыс емес. Тауда қазірде 50-52 см қар жатыр, ол да норма. Көктем кезінде мегаполиске су тасу қаупін тудыратын бірнеше өзен-көл бар. Атап айтқанда, бастауын таудан алатын Бадам, Сайрамсу өзендері, Бадам, Тоғыс, Текесу, Ақжар су қоймалары. Одан бөлек, егер қыраттарда су жылға-жылға боп ақса, етектегі Забадам, Елтай, Абдуллабад секілді тұрғын алаптарын су басып қалуы мүмкін. Сондай-ақ тәуліктеп толассыз жауын жауса, қала көшелерінде сел жүру қаупі жоғарылайды. Сәуірдің аяғы мен мамыр айының басы шаһарда су тасудың ең қауіпті кезеңі боп есептеледі.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, Бадам өзенінің өткізу қабілеті секундына 400 м3 құрайды. Су тасқыны кезінде өзен арнасымен секундына 49-77 м3 дейін су ағып өтеді. Қандай сел жүрсе де өзен ернеуінен аса қоймайды. Алайда «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы ұмытпау керек. Жоғарыда аталған 4 су қоймасы қазір 90%-ға толған. Олардың бәрі де күнделікті кестемен жұмыс істеп тұр. Су қоймаларынан бөлек, шаһарда 3 су торабы мен 1 су жинақтағышы бар. Сонымен, гидротехникалық құрылымдардың жалпы саны қалада – 8. Апатты немесе иесіз жатқан бөгеттер жоқ. Дегенмен Ақжар су қоймасы қанағаттанарлық жағдайда емес. Осыған байланысты ол су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына енгізілген. Су қоймасы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына бағынатын коммуналдық меншікте. Әкімдікке Текесу су қоймасы да қарайды. Бөржар су жинақтағышы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның теңгерімінде, яғни жеке меншікте, қалған тоғандар – «Қазсушар» РМК-ның меншігі.
Көктемгі су тасқынының алдын алуда жергілікті әкімдік төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп 9 түрлі іс-шаралар жоспарын, Жол картасын іске асырды. Атап айтқанда, 5,1 млрд теңгеге Бадам өзенінің 9 шақырым жағалауы нығайтылды. Соның нәтижесінде, 6 елді мекенге төнетін қауіп сейілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Әкімдік қолдауымен Бадам, Сайрамсу өзендерінің бірнеше шақырым арнасы селге қарсы нығайтылады. Қыс басталғалы 86,5 мың м3 қар сыртқа шығарылды. 54 шақырымнан астам ирригациялық жүйе орнатылды. Ол молынан жауған жаңбыр суларын арық бойымен ағызып әкетуге лайықталған. 10 мың қап пен 24 мың тоннадан астам инертті материалдар дайындалды. Көзделген 27 инженерлік жобаның 24 орындалды. Қалған үшеуі – Бадам өзенінің арнасын механикалық тазарту, қаланың Абай, Тұран әкімшілік аудандарында ирригациялық жүйелер орнату, Жаңаталап селден қорғау бөгетін жөндеу. Бұл жұмыстар биыл толық аяқталатын болады. Одан бөлек, 161 шақырым канал тазартылып, мегаполистегі арық-атыздардың іші тазаланды. Республикалық, жергілікті бюджеттен су сорғы, су өткізбейтін костюмдер мен қайық сатып алынды.
Су тасқынының алдын алу мәселесі әкімдіктің жиынында, төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында тұрақты қаралып отырады. Төтенше жағдай қызметі «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық жаттығу кезінде табиғи апаттың алдын алу жөнінде бірнеше сценарий қарастырып, соның негізінде дайындығын пысықтады.
Бүгінде қалалық төтенше жағдайлар департаментінде су тасқынына қарсы 160 жеке құрам, 20 техника, 8 қайық, 57 мотопомпа тастүйін дайын. Департамент басқа өңірлерде табиғи апаттың салдарын жоюға қосымша күш жіберуге де әзір.
ШЫМКЕНТ